29 қыркүйектен бастап Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесінің сынақтық пайдалануы басталды. Бұл – инфрақұрылымның техникалық дайындығын, қозғалыс қауіпсіздігін және жолаушылар үшін қолайлылығын тексеруге мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Елордадағы LRT жүргізушісіз қозғалады. Сынақ барысында мамандар рельстерді, станцияларды, байланыс желілерін, жылжымалы құрамды, қауіпсіздік пен қозғалысты басқару жүйелерін тексереді. Ерекше назар қызметкерлерді дайындауға, төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға және LRT басқа көлік түрлерімен интеграциялауға аударылады.
LRT құрамдары GoA4 аппараттық-бағдарламалық кешенімен жабдықталған – бұл толық автоматтандырылған басқару жүйесі: қозғалыс, арақашықтықты сақтау, тоқтау, есіктерді ашу және жабу, деподан шығу және кіру, жуу жұмыстары оператордың қатысуынсыз жүзеге асырылады.
Жабдық пен инфрақұрылымды кешенді сынау кемінде алты айға созылады. Бірінші кезеңде тестілеу №112–№113 станциялары арасында басталады. Пойыздар бастапқыда 10 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, кейін жылдамдық пен сынақ аймақтары кезең-кезеңімен артады. Бұл ең жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, рельстерді мұқият тексеруге және біртіндеп жобалық параметрлеріне өту үшін қажет.
Бірінші кезең:
• сақиналы кабельдік желіні сынақтан өткізу;
• инфрақұрылым мен жылжымалы құрамның көлемін бақылау;
• рельстерге кернеу беру;
• пойыздарды «суық» және «ыстық» жүргізу, инженерлік желілер дайын болғанына қарай сынақ аймақтарын біртіндеп кеңейту – аралықтардан станцияларға дейін.
Екінші кезең:
• жылжымалы құрамды басқарудың негізгі жүйелерін сынақтан өткізу, радиобайланысты тексеруді қоса алғанда;
• қозғалыс қауіпсіздігін сынау;
• пойыздардың платформалық есіктермен өзара әрекеттесуін пысықтау;
• станцияларға автоматты түрде келу және жүруді тексеру;
• сигнализациямен біріктірілген сымсыз жүйелерді сынау;
• электрмен жабдықтау жүйесіне түсетін жүктемені бағалау;
• штаттық және штаттан тыс жағдайларды модельдеу;
• түрлі пайдалану сценарийлерін имитациялау.
Қауіпсіздік мақсатында эстакадаға және жол желісіне кіруге қатаң тыйым салынады, себебі байланыс желісі 750V жоғары кернеумен жабдықталған және ол адам өміріне қауіпті.