«City Transportation Systems» ЖШС «Астана қаласының қоғамдық көлігіндегі бейнеаналитика жүйесі» инновациялық жобасын енгізуді көздейді.
Жобаның мақсаты – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту, жолақысын төлеуден жалтаратындар санын азайту және қоғамдық көліктердегі қауіпсіздікті арттыру.
Осы ретте, жобаның пилоттық кезеңі аясында, 2 мамырдан бастап № 24 бағдардың бір автобусында нақты уақыт режимінде деректерді талдауға мүмкіндік беретін камералар, роутерлер мен борттық компьютер орнатылды. Әр есікке қарама-қарсы орналасқан камералар кірген жолаушыларды есептейді және төлем деректерін салыстырады. Бұл бағдардағы жол ақысы ең көп төленбейтін уақыт пен учаскелерді дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпарат жедел түрде CTS-тің көліктік бақылау департаментіне жолданады.
Жаңа бейнебақылау іске қосылған күннен бастап жүйе бір автобуста билетсіз жол жүрудің 2 мыңнан астам жағдайын анықтады. Пилоттық жоба болғандықтан жолаушыларға айыппұл салынбады.
Жобаның толық іске қосылуы мен іске асырылуы туралы қосымша хабарлаймыз.