23.11.2021

Елордалық автобустарда жолақы төлеу жүйесі жаңартылады

«City Transportation Systems» ЖШС-де Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көліктерінде жол ақысын төлеудің жаңартылған электрондық жүйесі таныстырылды.
Жаңартылған жүйе көлік карталарын толықтырудың онлайн режиміне көшуді қамтиды. Сондай-ақ банк карталарымен төлеу қолжетімді болады.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қазаннан бастап елордада бірнеше қоғамдық көлік бағыттарында пилоттық режимде үш жеткізушіден кез келген екінші деңгейдегі банктің картасымен жол жүру төлемі тестіленуде.
Пилоттық жоба аясында жолаушы VISA және Mastercard карталары, сондай-ақ NFC жүйесімен жабдықталған смартфон арқылы төлем жасай алады. Транзакцияны жүргізу үшін оларды валидатордың жанында орналасқан арнайы терминалға қосу жеткілікті.
Жүйені тестілеу №61 қалалық бағыттағы үш автобуста, сондай-ақ, қала маңына қатынайтын №309, 310, 315 бағдарларда жүргізіледі.
Айта кетейік, пилоттық жоба барлық бағыттарда толыққанды масштабтау алдында түрлі жеткізушілердің банк картасымен жол жүру ақысын төлеу валидаторларын тексеруге мүмкіндік береді.
«Атап өту маңызды, бұл жаңашылдықтар жол жүру құнына әсер етпейді, барлық тарифтер өзгеріссіз қалады. Бұдан басқа, жүйені жаңарту тек инвестордың есебінен жүзеге асырылатын болады, яғни бюджет қаражаты қолданылмайды. Біз үшін әзірлеушіні таңдаудың негізгі өлшемдері, бірінші кезекте, жолаушылардың жайлылығы және жаңа жүйеге көшудің ауыртпалықсыз болуы болып табылады», - деді «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.
Бүгінгі таңда қызмет көрсетушілер арасында үш компания бар. Бұл «Innoforce solutions» ЖШС (Avtobys), «SMSBUS» ЖШС, «Технодата» ЖШС. Тұсаукесер барысында олар автобустардағы валидаторларда әрқайсысының жүйесінің артықшылықтарын көрсетті.
Мысалы, «Innoforce solutions» ЖШС өзінің Avtobys.kz мобильді қосымшасын ұсынады, оның көмегімен қоғамдық көлікте жол ақысын инновациялық және ыңғайлы тәсілдермен төлеуге болады: Bluetooth, QR, NFC, банк картасы. Bluetooth - жол ақысын төлеудің бірегей және ыңғайлы тәсілі, ол валидаторға жақындамай, жол ақысын екі рет басу арқылы төлеуге мүмкіндік береді. Барлық әзірлемелер үшінші тарап лицензияларын тартпай толығымен отандық болып табылады.
«SMSBUS» ЖШС жүйесі де толығымен қазақстандық әзірлеме болып табылады және төлеудің бірқатар тәсілдеріне ие. Бұл - банктік карталар, QR, NFC, Apple Pay, Samsung Pay және т.б. Сонымен қатар, бұл әзірлеме қолданыстағы көлік карталарының жұмысын 100% қолдайды, сол арқылы жолаушылар үшін көрінбейтін бірқалыпты жіксіз көші-қонды қамтамасыз етеді.
«БПЦ Қазақстан» ЖШС және «Технодата» ЖШС консорциумы ұсынатын электронды жолақы төлеу және диспетчерлендіру жүйесін жаңғырту банктік, көлік картасы, ApplePay/GooglePay, QR-код, сондай-ақ смартфондағы мобильді қосымша арқылы жол ақысын төлеу тәсілдерін қолдайды. Жолаушылар үшін кез келген қолайсыздықты болдырмайтын жабдықты кезең-кезеңімен ауыстыру көзделген, өйткені олар үшін қолданыстағы және жаңа жабдықты бір мезгілде қолдануға жағдай жасалатын болады.
Айта кетейік, «Технодата» ЖШС-нің жол жүру ақысын төлеу мен диспетчерлендірудің ағымдағы электрондық жүйесін енгізу мен пайдалануда практикалық тәжірибесі бар. «БПЦ Қазақстан» ЖШС-нің электрондық билеттеуді енгізу, мобильді және байланыссыз төлемдерді басқару, биллинг, карталарды шығару, эквайринг жүргізу, электрондық төлемдерді өңдеу бойынша әлемдік тәжірибесі бар.
Анықтама: бүгінгі таңда елордалық қоғамдық көліктегі орташа жолаушылар ағыны 600 мыңнан астам адамды құрайды. Жолаушылар жол ақысын екі жолмен төлей алады - бұл көлік картасы және QR-кодты сканерлеу, ол үшін әртүрлі қосымшалардың 13 түрі бар (Transcard, Kaspi.kz, Homebank, ұялы байланыс операторларының қосымшалары және т.б.). 100 пайыз қолма-қол ақшасыз жүйеде көлік карталарымен төлеу үлесі 52%-ды, QR-кодпен - 48%-ды құрайды. Бүгінде жол жүру құны 90 теңге. Бұл сома 7 жыл ішінде өзгерген жоқ.

Тізімге оралу

KZ  RU