2023 жылға қарай Нұр-Сұлтан қаласын интеллектуалды тасымалдау жүйесімен қамту 85%-ға жетеді. Бұл туралы бүгін «Digital Bridge» халықаралық форумында «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов айтты.
Интеллектуалды тасымалдау жүйесінің жобасы (ITS) елордада 2013 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Жүйенің өзі бүгінде елорданың көлік ағынын басқаратын «ақылды бағдаршамдар» деп аталады.
«Интеллектуалды тасымалдау жүйесі көлік ағындарын басқарудың негізгі функциясынан басқа, көлік ағындарын модельдеуге негіз болатын кіріс деректерін жинауға, сақтауға және талдауға қабілетті. Көлік ағындарын модельдеу жаңа аудандарды салу кезінде де, жол қозғалысын ұйымдастыруды өзгерту туралы шешім қабылдау үшін де өте маңызды», - деді Бекмырза Игенбердинов.
Сондай-ақ, «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма Төрағасы қоғамдық көлікті диспетчерлеу жүйесі туралы айтып берді. Оның құрамына «FlashNet», MTRAM, RoadRunner жүргізушісінің борттық құрылғысы және шеткері жабдық (бейнебақылау, ақпараттандыру және т.б.) кіреді. Өз кезегінде, олар автобустың орналасқан жерін онлайн режимде қадағалауға және оның жүру кестесін түзетуге ғана емес, сондай-ақ аялдама пунктінде тұрып қалу уақыты, есіктердің ашылуы мен жабылуы, автобустағы жолаушылардың ағымдағы саны туралы деректер алуға мүмкіндік береді.
«Жол ақысын төлеудің электрондық жүйесінсіз қоғамдық көліктің дамуын елестету мүмкін емес. Елордада бұл жүйе 2018 жылдан бастап толыққанды жұмыс істейді. Бүгінгі таңда ол толығымен енгізілген және барлық қалалық және қала маңындағы бағыттарда жұмыс істейді. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 100% - ға жетті. Бүгін жолақысын көлік карталары, сондай-ақ 12 мобильді қосымшаның көмегімен QR-код арқылы төлеуге болады. Қазір біз жол ақысын төлеудің ағымдағы жүйесін жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз, оның қорытындысы бойынша банк картасы және NFC жүйесі арқылы төлеу функциялары енгізілетін болады», - деді Бекмырза Игенбердинов.
Соңында Басқарма Төрағасы велопрокат жүйесін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Велошерингтің өзі өткен жылы «City Transportation Systems» ЖШС басқаруына берілген болатын. Бекмырза Игенбердинов бізге велопрокат берілгеннен бері белсенді пайдаланушылар саны бүгінде 2,5 еседен астамға артқанын, ал олар жүріп өткен жол миллиондаған километрге есептелетінін атап өтті.